15 сәу, 2022 сағат 18:18

Украина шенеуніктері елге оралуға міндеттелді


Украина үкіметі шенеуніктерді 25 сәуірге дейін елге оралуға міндеттеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Украина министрлер кабинеті сайтына сілтеме жасап.

Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль жаңа қаулыға қол қойған. Оған сәйкес мемлекеттік қызмет басшыларына соғыс жағдайы кезінде Украина аумағында орналасқан қызметкерлерге қашықтан жұмыс істеу құқығы берілді.

Сондай-ақ, қаулыда шетелде жұмыс істеуге тек іссапарда болған жағдайда ғана рұқсат етілетіні айтылған.

"Мемлекеттік қызметші немесе мемлекеттік органның қызметкері белгіленген тәртіппен ресімделген қызметтік іссапарда болудан басқа жағдайда, жұмыс уақытында мемлекеттік қызмет басшысының шешімінсіз жұмыс орнынан тыс жерде немесе шетелде болған жағдайда заңға сәйкес тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін", - делінген қаулыда.

Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілерге ескерту, сөгіс, қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту, лауазымын төмендету және мемлекеттік қызметтен босату сияқты тәртіптік жаза түрлерінің бірі қолданылатыны белгілі.