Украина мен Ресей өкілдері 28 наурыз бен 30 наурыз аралығында Түркияда жүзбе-жүз кездеседі. Бұл туралы делегация мүшесі, Украина Жоғарғы Радасындағы "Слуга народа" фракциясының жетекшісі Давид Арахамия айтты. Хабарды Мәскеу өкілі Владимир Мединский де растады.
Екі тарап Түркияда кездесуге кеше уағдаласқан.
"Видео түрінде өткен кезекті келіссөздер кезінде келесі раундты бетпе-бет 28-30 наурызда Түркияда өткізу туралы шешім қабылдадық", - деп жазды Арахамия Facebook-парақшасында.
Түркия президенті Реджеп Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөзді Стамбулда өткізуге мақұлдасқаны кейіннен белгілі болды. Мұны түрік президентінің кеңсесі хабарлады. "Әңгіме кезінде президент Ердоған жанжалды тоқтатып, Ресей мен Украина арасында тезірек бітім жасау керектігін айтты",- дейді Анкара мәлімдемесінде.
Украина мен Ресей өкілдері алғаш рет Беларусь жерінде жүзбе-жүз кездескен. Онан кейінгі кездесулерде де екі жақ мәмілеге келе алмаған.
24 ақпанда президент Владимир Путиннің жарлығымен Ресей әскері Украинаға басып кірген.