Украина барлау қызметінің жетекшісі генерал Кирилл Буданов Ресей басшысы Владимир Путиннің сырқат екенін айтты.
Оның мәлімдеуінше, биліктің ең жоғарғы эшелонында отырған Путиннің саясатымен келіспейтіндер оны саясаттан тықсыруға дайындалып жатыр. Бұл жөнінде Буданов британдық Sky News телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Украина барлау басқармасы басшысының сөзіне сенсек, Путин онкологиялық аурумен ауырады. Ол Путиннің денсаулығы жайлы тұжырымын неге сүйеніп айтқанын нақтыламады.
Буданов Украинадағы соғыс жыл соңына дейін жалғасады, ең шешуші кезең тамыз айында болады деп болжайды. Украина барлау қызметі жетекшісінің айтуынша, нәтижесінде мемлекет қазір айырылып қалған аумақтарды, оның ішінде Донбасс пен Қырымды да өзіне қайтарады.
The Times басылымы сенбі күні Владимир Путиннің денсаулығы жайлы материал жариялады. Басылым ресейлік олигарх пен батыс инвесторы арасындағы аудиоәңгімеге сүйенеді. Америкалық New Lines тілшілерінің қолына түскен әңгімеде ресейлік бизнесмен Путиннің қан обырына шалдыққанын айтады. Ресейлік олигархтың сөзінше, Украинаны шабуылдауға бұйрық берген Ресей президенті "ақылынан адасқан", ол осылайша Ресей экономикасын күйретіп жатыр. Олигархтың аты-жөні аталмайды.
Осыған дейін Ресейден кеткен миллиардер Олег Тиньков журналист Юрий Дудьқа берген сұхбатында ресейлік миллиардерлердің басым бөлігі Украинадағы соғысқа қарсы екенін айтқан.
Еске салайық, жуырда "Проект" басылымы да Владимир Путиннің денсаулығы жайлы зерттеу жариялап, оның онкологиялық ауруларды емдейтін хирург дәрігерлерге бірнеше рет қаралғанын жазған. Зерттеу жүргізгендер Путиннің былтыр қыркүйекте аяқ асты оқшауланғанын, одан кейін ол әлем лидерлері я үкімет мүшелерімен кездескенде өте алыста отыратынын аңғарған. Жуырда қолданушылар Путиннің қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесу кезіндегі "ерекше қимылына" назар аударған.
Кремль Путиннің денсаулығына байланысты түсініктеме бермейді немесе президенттің денсаулығы жақсы деумен шектеледі. Путин жұрт алдына сирек шығады, алайда осы аптада Мәскеуде 9 мамырда өткен әскери парад және өзге де шараларға қатысқан.
Владимир Путин 69 жаста. Оның бастамасымен қабылданған Конституция түзетулеріне сәйкес қайта сайланса, билікте 2036 жылға дейін қала қалады.