07 шіл, 2022 сағат 13:05

Украина 21 мыңнан астам әскери қылмысты тексереді


Украина әскери қылмыс туралы 21 мыңнан астам хабарламаны тексереді. Бұл жөнінде Украина бас прокуроры Ирина Венедиктова британдық BBC ақпарат агенттігіне мәлімдеді, деп жазады Азаттық.

Венедиктованың сөзіне қарағанда, күн сайын прокуратураға Ресей әскері жасады деп айтылатын әскери қылмыс жайлы 200-300 хабарлама келіп түседі. 

Киев азаматтарының Ресейге заңсыз әкетілгені туралы тұрақты хабарлар келеді. Ресей билігінің мәліметі бойынша, кейінгі тәуліктері Украинаның шығысынан 24 мың адам эвакуацияланған. Шамамен төрт мыңы – бала. 

Негізінен жұрт ауыр шайқас жүріп жатқан жатқан өзін республика жариялап алған Донбасс пен Ресей күштеріне қарайтын аумақтардан эвакуацияланған. 

Ресей билігінің мәліметінше, соғыс басталғалы, яғни 24 ақпаннан бері Украина шығысынан Ресейге 2 359 135 адам жеткізілген, 371 мыңы – бала. 

Ресейге жеткізілген босқындар барлық ересектердің "сүзгі лагерьлерінен" өтуге міндеттелгенін айтады. 

Ресей басқыншылығы басталғалы бері шамамен 13 млн украин азаматы үйлерін тастап кеткен. Бес миллионы көрші Польша, Венгрия, Словакия, Румыния және Еуропаның өзге елдеріне қоныс аударған. Сегіз миллионы Украинаның қауіпсіз аудандарына көшкен. 

Украин босқындарын қабылдау бойынша Польша бірінші орында тұр. Бұл жаққа екі миллион босқын қоныс аударған. Германияға – 780 мың, Чехияға – 366 мың, Түркияға – 145 мың, Румыния мен Молдоваға 90 мың адам барған. 

Ресей босқындарды орналастыру, олардың заңды мәртебесі мен беріліп жатқан көмек туралы нақты мәлімет айтпай отыр.