Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовтің ұсталуының мән-жайын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Ресей Федерациясының арнайы қызметінің көмегімен Қазақстан-Ресей шекарасының шығыс учаскесінде өткізу пункттерінен тыс жерден заңсыз өту әрекеті кезінде ҚР және РФ азаматтарынан тұратын бір топ адам ұсталды.
Олардың арасында бастапқыда өзі туралы жалған деректер берген және іздеуде жүрген Павлодар облысы бойынша полиция департаментінің экс-бастығы Нұрлан Мәсімов анықталды.
Келісімдер аясында Ресей тарапы 13 шілдеде Н.Мәсімовты ҰҚК Шекара қызметі қызметкерлеріне берді. Қажетті тексерулер мен сұрақ алу іс-шараларынан кейін құзыреті бойынша іздестірудің бастамашысы болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылды" - делінген хабарламада.
Еске салайық, 2022 жылдың қаңтарында Нұрлан Мәсімов Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылған еді. Ол бұл департаментті 2019 жылдың қарашасынан бері басқарған.
Сәуірде Мәсімовке іздеу жарияланғаны хабарланды. Ал маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оның жүрген жері туралы ақпарат бергендерге сыйақы жариялаған еді.