18 нау, 2022 сағат 11:26

Үкімет Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар жобасын Президенттің қарауына енгізеді


Баршамыз Мемлекет басшысы бастап берген реформаларды табанды іске асыруға жауаптымыз. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыру үшін ұсынылып отырған реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізу керек. Сондықтан, Әділет министрлігі осы жұмыстарды үйлестіріп, кейін Парламентке енгізу үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық заң жобаларын дайындап талқылауға қазірден бастап кірісуі қажет», - деп тапсырды Смайылов. 

Премьер-Министрдің айтуынша, жақында Министрлер кабинеті Жолдауды іске асыру бойынша Жалпыұлттық жоспар жобасы Президенттің қарауына енгізеді. 

«Келесі отырыста біз Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар жобасын Мемлекет басшысының бекітуіне енгізуіміз қажет. Қазір арқаны кеңге салатын заман емес. Баршамыз Мемлекет басшысы бастап берген реформаларды табанды іске асыруға жауаптымыз. Біз халқымыздың сенімін ақтауға тиіспіз. Сондықтан, осы іске аса жауапкершілікпен шұғыл кірісуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.