20 шіл, 2022 сағат 15:48

ҰБТ-дан жоғары балл жинаған тағы бір түлектің нәтижесі жойылды


Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев 140 балдан 139 балл жинаған тағы бір түлектің ҰБТ нәтижесі жойылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

"Өкінішке қарай, ҰБТ-2022 бейнежазбаларын қайтадан тексеру барысында ең жоғары 139 балл жинаған тестіленушінің ереже бұзғаны белгілі болды. Сәйкесінше, оның нәтижесі жойылып, грант конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылды. Өткен жазбаларымның бірінде 139 балл жинап, бірақ ереже бұзған 2 талапкердің нәтижесін жойғанымызды хабарлаған болатынмын. Ал бұл - тіркелген үшінші жағдай. Енді ең максималды балл - 138, оны 4 талапкер жинады. Төртеуінің де нәтижесін тексеру жұмысы жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетсем, аномалды жоғары балл (+20 балдан +80 балға дейін) жинаған талапкерлердің нәтижесі біздің ерекше бақылауымызда", - деп жазды Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ, Ұлттық тестілеу орталығының директоры ҰБТ сертификатын қолдан жасау заңсыз әрі пайдасыз екенін, өйткені барлық деректер орталықтың дерекқорында сақталатынын еске салды.

"Біз тек лайық және адал түлектердің білім грантын жеңіп алғанын қалаймыз, сондықтан ережелердің бұзылуына көз жұмып қарай алмаймыз", - деп түйіндеді ҰТО директоры.

Еске салайық, бұған дейін ҰБТ-да ең жоғары 139 балл жинаған екі оқушының нәтижесі жойылғанын хабарлаған болатынбыз.