11 мам, 2021 сағат 15:22

ҰБТ-2021: 21 тест сұрағы қате құрастырылғаны анықталды


Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы бойынша нақты даталарға қатысты ғана сұрақтар болады. Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Министрдің тапсырмасымен тәжірибесі, жетістіктері мен кәсібилігі тұрғысынан әзірлеушілерге қойылатын талаптар күшейтілді. Әр тест тапсырмасының сапасы бойынша келісімшартта қосымша жауапкершілік енгізіліп, жосықсыз әзірлеушілердің тізімі (қара тізімге) құрастырылды. Яғни ол тізімге кіру – Ұлттық тестілеу орталығы жұмысына қатысудың кез-келген мүмкіндігін жояды. Сондай-ақ, біз орталықтың ішінде де тиісті жұмысты жүргіздік. Тестология бойынша бірнеше оқыту курстарын өткізіп, сарапшылардың лауазымдық нұсқаулықтарында әр тестінің сапасына қатысты жауапкершілікті арттырдық. Сонымен қатар тестілеуді әзірлеуде орталық қызметкерлерінің туыстарының қатысуына тыйым салдық», - деді ол. 

Орталық директорының атап өтуінше, аталған жұмыстардың қазірдің өзінде нақты нәтижесі бар. Мәселен 2018 жылы апелляция қорытындысы бойынша - 101, 2019 жылы - 58, 2020 жылы – 27 тест тапсырмасы қате болғаны анықталған. Ал 2021 жылғы наурыз айындағы ҰБТ нәтижелері бойынша апелляцияда тек 21 тест тапсырмасы қанағаттандырылды. 

«Оның үстіне жылдан-жылға «есте сақтауды жаттықтыруға» бағытталған тапсырмаларды азайтып, функционалдық сауаттылыққа, яғни алған білімді іс жүзінде қолдана білуге басымдық берудеміз. Қазірдің өзінде мұндай тапсырмалардың 70 пайыздан астамы дайын. Ал осы жылдың жаңалығы - Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы бойынша нақты даталардың жариялануы. Тек осы даталардан ғана сандарға байланысты сұрақтар кездеседі. Олардың жалпы саны әр тестіленушіге тек 2-еу-3-уі ғана келетіндей етіп қысқарттық. ҰБТ- бұл жаттап алу деген сөз емес!», - деді Дидар Смағұлов.