25 қаңтарда Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті «Bek Air» АҚ компаниясын бесінші мәрте сотқа берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бесінші талап арызда комитет 62 адамның мүддесін қорғайды. Талап арыздың сомасы – 3,5 млн теңге.
Естеріңізге сала кетейік, сот комитеттің «Bek Air» компаниясына қатысты алғашқы төрт талап арызын қанағаттандырды, ал екі арыз заңды күшіне енді.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы»заңға сәйкес мерзімді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілерге өзге де орындау мерзімдері белгіленген жағдайларды қоспағанда, іс жүргізу қозғалған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде аяқталуға тиіс.
Заңнама талаптарына сәйкес сот шешімдерін орындауға тек сот орындаушылары ғана уәкілеттік берілгеніне назар аударамыз.
Сондықтан тұтынушылар сот орындаушыларына жүгінуге құқылы, олар сот шешімдерін орындау бойынша уақтылы шаралар қабылдауға міндетті.
Атқарушылық парағы берілген сот орындаушысы туралы мәліметтерді алу үшін тұтынушылар Алматы қаласының жеке сот орындаушыларының палатасына жүгіну қажет.
Сотта өз мүддесін білдіру үшін тұтынушылар ТҚҚК мекенжайына мына сілтемеден жүктеп алынған анықтаманы жіберуі керек.
Өтініштер электрондық үкіметтің порталы және телеграм-боты артқы қабылданады.
Бұған дейін сот тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің «Бек Эйр» АҚ-на қатысты екінші талабын қанағаттандырғанын хабарлаған едік.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Бек Эйр компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты.
Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.