Батыс Қазақстан облысында аса ірі көлемде есірткі тасымалдап, өткізумен айналысқан қылмыстық топ сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы міндетін атқарушы Бақыт Ермахановтың мәлім еткеніндей, Ж.Есіркепов ҚР ҚК 28-бабы 3-бөлігі, 297-бабы 3-бөлігі 1, 2, 3-тармақтары, М.Аманов 28-бабы 5-бөлігі, 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары, С.Омарқұлов пен Б.Есіркепов 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары, Б.Шөмекеев пен Н.Қырым 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары, 296-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды.
Сот талқысында мәлім болғанындай, РУ-170/3 мекемесінде жазасын өтеп жатқан ақтөбелік Ж.Есіркепов Жамбыл және Қызылорда облыстарынан аса ірі мөлшерде кептірілген марихуананы Ақтөбе мен Орал қаласына заңсыз тасымалдап, өткізуді ойластырған. Сол үшін бұрын жазасын бірге өтеген, Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде тұратын М.Амановпен ұялы телефон арқылы хабарласқан. Мұны құп көрген М.Аманов Ж.Есіркеповке ауылдасы Б.Шөмекеевті тауып берген. Б.Шөмекеев Жосалы кентінен аса ірі мөлшердегі кептірілген марихуананы Орал қаласына заңсыз тасымалдап, жеткізген. Ол өткен жылы 9 наурызда 4 кг марихуананы «Лада Приора» автокөлігіне заңсыз айырбастаған.
Ж.Есіркепов сонымен қатар Тараз қаласының тұрғыны С.Омарқұловпен де хабарласып, тағы бір осындай қылмысты ұйымдастырған. С.Омарқұлов Тараздан Ақтөбе қаласына 20 кг есірткіні Ж.Есіркеповтің ұлы Б.Есіркеповке жеткізіп, әр келісін 120 мың теңгеден өткізуді тапсырып кеткен. 2020 жылы 4 наурызда Б.Есіркепов сыбайласы Н.Қырыммен бірге 10 кг марихуананың әр келісін 120 мың теңгеден, барлығы 1,2 млн теңгеге сату кезінде ұсталған.
Б.Ермахановтың айтуынша, сотталушылардың кінәлары олардың соттағы және сотқа дейінгі жауаптарымен, куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерімен, сараптама қорытындыларымен, ұстау, жеке тінту хаттамаларымен толық дәлелденді.
Осылайша Ж.Есіркепов - 13, С.Омарқұлов 12, М.Аманов, Б.Шөмекеев, Б.Есіркепов және Н.Қырым әрқайсысы 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Ж.Есіркепов пен Б.Шөмекеевтің әрекеттерінде қылмыстардың қауіпті қайталануы танылуына байланысты оларға жазасын қауіпсіздігі төтенше, қалғандарына қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.