09 ақп, 2023 сағат 22:52

Түркияның Хатай провинциясында қазақстандықтың денесі табылды

Фото: ҚР ТЖМ

Түркияға барған қазақстандық құтқарушылар Хатай провинциясындағы іздеу жұмыстары кезінде отандасымыздың денесін тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан құтқарушылары Хатай провинциясындағы ең күрделі учаскелердің бірінде іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Іздеу объектісі - толығымен қираған алты қабатты үй, үйіндінің көлемі 18 мың м3 асады.


Жедел ақпарат бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанның бір азаматының денесі табылып, үйінді астынан шығарылған.

"Жұмыс көптеген үйінділермен, тұрақсыз құрылымдармен күрделене түседі. Қазақстандық құтқарушылар барынша тиімді жұмыс істеп жатыр.

Бұған дейін біздің құтқарушыларымыз осы объектіде Түркияның екі азаматының денесін тапқан болатын" - делінген хабарламада. 

Кейінірек Cыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та Хатайда үйінді астынан табылған отандасымыз туралы айтты.

"Бүгін, 9 ақпанда таңертең іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде ҚР азаматы Әділ Қадырбековтің мәйіті табылды. СІМ қаза тапқан кісінің денесін елге жеткізуге барынша көмектеседі", - деді ол.

Баспасөз хатшысының сөзінше, елімізден барған құтқарушылар түрік әріптестерімен бірге Қазақстанның тағы бір азаматы Мирболат Құрмашевті іздеп жатыр.