Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Түркияда зілзаладан зардап шеккендерді іздеу-құтқару операциясына қатысқан 100-ге жуық қазақстандық құтқарушыға Президент марапатынан бөлек, ақшалай сыйақы төленеді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ол Президент Түркияға барып келген барлық құтқарушыны марапаттау туралы тапсырма бергенін еске салды.
Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігі құтқару операциясына қатысқан құтқарушылардың құжатын Президент әкімшілігіне жіберіп қойған.
"Ал ақшалай сыйақыға келсек, Төтенше жағдай министрлігі алдымызда өз қаражаты есебінен қарастырады, бәріне төленеді", - деді Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қазақстандық құтқарушылар Түркиядан 18-19 ақпан күндері елге оралған болатын. Вице-министрдің өзі 19 ақпан күні құтқарушылардың екінші легімен ұшып келген.
ҚР ТЖМ қызметкерлері Газиантеп пен Хатайда жеті адамды құтқарып, 88 адамның денесін үйінді астынан алып шықты.
Соңғы деректер бойынша Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 43 мыңнан асады.