07 ақп, 2023 сағат 18:55

Түркиядағы қазақстандықтар үшін жедел желі ашылды

Фото: mk-turkey.ru

Түркиядағы қазақстандықтарға көмек көрсету үшін жедел желі ашылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

"ҚР Сыртқы істер министрлігінде +7 (7172) 72-05-00 нөмірі бойынша жедел желі ашылды. Осы телефон арқылы азаматтарымыз бен олардың туыстары көмек сұрай алады. Бұдан басқа, жақын арада Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерінің шұғыл байланыстары қосымша жарияланады.

Барлық келіп түскен ақпарат міндетті түрде қосымша тексеріледі. Жер сілкінісі аймақтарындағы гуманитарлық апатты ескере отырып, іздеу-құтқару жұмыстары біраз уақыт алады. Түркиядағы азаматтарымыз туралы қандай да бір ақпараты болса немесе туыстары байланысқа шықпаса, дереу Сыртқы істер министрлігіне, жоғарыда көрсетілген нөмірге немесе Түркиядағы дипломаттарымызға хабарлауды сұраймыз", - деді ол арнайы брифингіде.

Сонымен қатар, Қазақстанның Түркиядағы Бас консулдығының сайтында консул Темірлан Сайлауұлының телефон нөмірі жарияланды.