Фото: Anadolu
Түркияның оңтүстігінде болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 39 672-ге жетті. Бұл туралы CNN Türk телеарнасының эфирінде елдің Ішкі істер министрлігінің басшысы Сүлейман Сойлу мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, табиғи апат кезінде құлаған 20 мыңнан астам ғимарат орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Ведомство басшысы іздестіру жұмыстарының басым бөлігі аяқталғанын айтты.
Айта кетейік, 6 ақпанда Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда сезілді.
Кейін Президент Режеп Тайып Ердоған Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.