10 ақп, 2023 сағат 09:02

Түркияда үйінді астынан екінші қазақстандықтың денесі табылды

Фото: ҚР ТЖМ

Түркияның Хатай провинциясындағы толығымен қираған ғимараттан қазақстандық құтқарушылардың күшімен тағы бір отандасымыз - Мирболат Құрмашевтың денесі табылып, үйінді астынан шығарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, іздестіру барысында, үйінді жағдайындағы қозғалыс кезінде құтқарушылар алдын ала белгіленген орынға жету үшін барынша жедел түрде арнайы ойық жасаған. Олар кішкентай бос орындар арқылы ойықтың ішіне кірген.

Фото: ҚР ТЖМ

"Бұл ретте құтқарушылар құрылымдық элементтердің қайта құлауын болдырмау үшін тосқауылдарда аз саңылаулар жасауға тырысты, үйіндіде қауіпті учаскелерді бекітті, үйінді бөлшектерін көтеріп, жылжытты" - делінген хабарламада.

Еске салайық, бейсенбіде қазақстандық құтқарушылар толығымен қираған алты қабатты ғимараттың қирандыларын тазалау кезінде Қазақстан азаматы Әділ Қадырбековтің денесін тапқан болатын.