Фото: Telegram/Rescue KZ
Түркиядағы жер сілкінісі кезінде жоғалып кеткен қазақстандықтардың бірі үйінді астынан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сабина Мамадьярова үйінді астынан аман-есен шығарылды. Сабинаға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Одан кейін ол ауруханаға жіберілді. Оның қолы сынғаны белгілі.
Ал Сыртқы істер министрлігі жоғалған қазақстандықтарды іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
«Жоғалған азаматтардың туыстарынан соңғы орынды білгеннен кейін біздің дипломаттар дереу түрік билігіне жүгінді. Қазақстан елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркия ІІМ басшылығымен келіссөздер жүргізіп, құтқарушылар тобын жіберді. Қазір отандастарымыз соңғы рет көрген үйдің үйінділерін талдау операциясы жүріп жатыр. Әзірге олар тек Сабина Мамедьярованы тапты. Жұмыс жалғасуда. Қалған жігіттер де табылады деп үміттенеміз», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Zakon.kz-ке берген жауабында.
Бұған дейін Түркиядағы зілзаладан кейін 4 қазақстандықтың жоғалып кеткені туралы хабарланған.
Соңғы деректер бойынша, зілзаладан қаза тапқандардың саны 11 мыңнан асты.