Фото: gov.tr
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров арнайы брифингіде Түркияда зардап шеккендер бойынша қазіргі жағдай туралы мәлімет берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Хатай провинциясының Антакья қаласында үй құлауы салдарынан қаза тапқан Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтің туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.
Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың денелерін отанға жеткізу үшін барынша көмек көрсетеді. Біздің отандастарымыздың денелері үстіміздегі жылдың 11 ақпанында Анталия-Алматы тұрақты рейсімен Қазақстанға жеткізіледі деп күтіліп отыр. Барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады.
Жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадьярованың жағдайына келсек, ол қазір Адана қаласының мемлекеттік ауруханасында. Кеше оның зақымдалған қолына операция жасалды, денсаулық жағдайы тұрақты. Дипломаттар емдеуші дәрігерлермен тұрақты байланыста, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бүгін консул оған жеке барып қайтады" - деді Смадияров.
Оның айтуынша, Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан болған қираулар туралы хабардан бері министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желісіне» 1 мыңнан астам қоңырау түсіп, өңделген. Олардың көпшілігі - Түркия аумағындағы туыстарын табу туралы өтініштер.
Фото: ҚР СІМ
"Сонымен қатар Түркиядағы дипломаттарымызға қоңыраулар мен өтініштер түсіп жатыр, олар осы бірнеше күн ішінде 150-ден астам отандастың орналасқан жерін анықтап, Қазақстандағы туыстарымен байланыс орнатуға көмектесті.
Өңірдегі ауыр жағдайды, байланыстың болмауы немесе байланыстағы қиындықтарды ескере отырып, сондай-ақ азаматтарымызға қажетті көмек көрсету үшін дипломаттар апат аймақтарына, атап айтқанда ең көп зардап шеккен Газиантеп, Антакья және Кахраманмараш қалаларына барды. Көптеген отандастарымызға қауіпсіз жерге көшуге көмек қажет болды, олар көлікпен, тамақпен және баспанамен қамтамасыз етілді.
Кейбір азаматтарымыз отанына оралуға ниет білдірді. Сонымен қатар көптеген қазақстандықтар тұрғын үйлерінің бұзылуына байланысты құжаттарын жоғалтты. Консулдар оларға қажетті жол жүру құжаттарын сол жерде рәсімдеп берді" - дейді СІМ ресми өкілі.
Соңғы 4 күнде Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Элязык провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы шығарылған, оның ішінде 58 Қазақстан азаматы Астанаға репатриациялық рейстермен жеткізілген.
"Қазақстанның тағы бір азаматы хабар-ошарсыз кетті деп есептегенбіз. Дегенмен біз оны Хатай қаласында таптық, ол екі күн бойы байланысқа шыға алмаған. Қазір аман-сау, қауіпсіз жерде. Тұратын үйі зардап шеккен жоқ.
Сондай-ақ Қазақстанның тағы бір азаматы әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кетті деп есептеліп отыр. Ол 6 ақпаннан бері байланысқа шықпады, тұратын жері - Кахраманмараш қаласы. Әпкесі министрліктің «жедел желісіне» хабарласқаннан кейін оның іздеу жұмыстарын бастадық.
Қазіргі уақытта Қазақстан Елшілігінің қызметкері оны осы қалаға барып, түрік құтқарушыларымен бірлесіп іздестіріп жатыр. Көршілердің айтуынша, үй қираған кезінде ол ішінде болған" - деді Айбек Смадияров.