11 мам, 2022 сағат 15:30

Түркия инвесторлары Алматыда фармацевтикалық зауыт салуға қаржы бөледі


Түркия инвесторлары Алматы қаласында фармацевтикалық зауыт салуға қаржы бөледі. Бұл жөніндегі келісімге ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың Түркияда өткізген кездесуі барысында қол жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапары аясында Nobel Ilac фармацевтикалық компаниясының басшысы Хасан Улусамен бірлескен жобалар бойынша кездесу өткізді. 

«Денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру, сондай-ақ серіктестік қарым-қатынастарымыздың табысты көрсеткіші, ол бүгінгі күні Алматы қаласында екінші фармацевтикалық зауыт салу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болып табылады», - деді Ғиният кездесуде.

Министр биыл фармацевтикалық өнім шығару бойынша «Нобел АФФ» АҚ бірлескен қазақстандық зауытының құрылғанына тура 20 жыл толатынын еске салды. 

Nobel Ilac компаниясы қолданыстағы өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге, сондай-ақ Алматы қаласында екінші фармацевтикалық зауыт салуға қосымша 55 млн доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. 

Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттар және техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Оларды 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқтау және 2025 жылғы желтоқсанда толық аяқтай отырып, жобаны кезең-кезеңімен іске асыруға кірісу жоспарлануда.

Сапар барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Алматы қаласында фармацевтикалық препараттарды өндіру бойынша осы аттас компанияның басшысы Зейнеп Атабаймен екіжақты келісімге қол қойды. 

Министрдің айтуынша, аталған кәсіпорын бірегей дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамытуға, отандық фармацевтикалық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ғылыми және кадрлық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді.

Қол қойылған Келісім аясында ATABAY KIMYA SANAYI TICARET компаниясы зауыт құрылысына 10 млн АҚШ доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру мерзімі 2023 жылдың соңына дейін, жаңа жұмыс орындарының саны 200-ге жетеді.