Түркістан облысының полицейлері кезекті көкпар ойынын тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" департаментке сілтеме жасап.
«Төлеби ауданы Момынай ауылдық округінде 100-ден астам тұрғын жиналып, көкпар ойынының болып жатқандығы анықталды. Полицейлер өткізіліп жатқан көкпар ойынын тоқтатып, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жиналған жұртты үй-үйіне тарқатты», - делінген хабарламада.
Көкпар ойынын ұйымдастырған жергілікті тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін СЭББ-ға жолданды.
Өз кезегінде полицейлер Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарын карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарын бұзбауға шақырады. Базарларға, дүкендерге және адамдар көп жиналатын басқа жерлерге, қоғамдық көліктерге барған кезде медициналық бетперде киіп, антисептиктерді пайдалану және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет.