29 мам, 2021 сағат 14:05

Түркістан облысының тауларында жоғалған екі туристің денесі табылды


Түркістан облысының тауларында жоғалған екі туристің денесі табылды, - деп хабарлады "Ұлт ақпарат" ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлиге сілтеме жасап.

«29 мамыр күні сағат 00:30-да іздестіру жұмыстарының барысында Өгем өзенінен бір адамның денесі табылды. Ол 1999 жылы туған, тауда жоғалып кеткен туристер тобының бірі екені анықталды. Екінші жігіттің денесі бүгін Өгем өзенінен 3 шақырым жерден табылды» делінген хабарламада. 

Жігіттердің денесі «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-171 тікұшағымен Шымкент қаласына жөнелтілді. 

Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Жердегі іздестіруді құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметкерлері және жоғалғандардың туыстары жүргізуде. Сондай-ақ, әуеден іздеу үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ екі борты жұмыс істеуде. 

Аталған факті бойынша Түркістан облысының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша өлімнің себебі анықталатын болады. 

Еске салайық, Төлеби ауданының Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 2021 жылғы 25 мамырда 18 сағат 30 минутта келіп түсті. Олардың үшеуі кеше табылған болатын. 21 мамырда туристер жаяу «Сары-айғыр» шатқалына бет алған және 24 мамырда қайту қажет болған. Алайда қайтар жолда адасып кеткен.