Мұрағаттан алынған иллюстрациялық фото: Tengrinews.kz
Түркістан облысында Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері спорттық іс-шараларды өткізуге бөлінген ақшадан 70 миллион теңге жымқырған. Облыстық мамандандырылған сотта қылмыстық істер қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Қырықбаев П., Пернебаева М., Оспанова Б. және Әшірбекова Г. қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасады, қызмет бабын пайдалана отырып аса ірі мөлшерде ақша жымқырды деп айыпталды (ҚК-нің 262-бабы 3-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігінің 1 және 2 тармақшалары).
Портал мәліметінше, оқиға 2019 жылы басталған. Ол кезде бекітілген жоспарға сәйкес Дене шынықтыру және спорт басқармасы жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары түрінде түрлі спорттық іс-шараны өткізіп жүрген.
Басқарма басшысы П.Қырықбаев спорттық іс-шараларды жүзеге асыру, сондай-ақ олардың қатысушыларын қаржыландыру туралы бірқатар бұйрық шығарған. Алайда бөлінген қаражатқа спорттық іс-шаралар өткізілмей немесе ішінара өткізіліп, қаражат толық игерілді деп есеп берілген.
"Аға жаттықтырушы ақшаны шығарғаннан кейін бір бөлігін әкімдік қызметкерлеріне беріп отырған. Ақшаның қалған бөлігіне жаттықтырушылар спорттық іс-шаралар өткізген немесе өзіне қалдырған. Осылайша, мемлекетке шамамен 70 миллион теңге көлемінде залал келтірілді", - делінген материалда.
Іс материалдарын зерделеу барысында сот П.Қырықбаев пен Б.Оспанованың ауыр зардаптарға әкеп соқтырған немқұрайдылығына тағылған айыптарын қайта саралады. Қырықбаевқа сот үкімімен 2 жылға бас бостандығын шектеу, оның әріптесі Оспановаға 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімімен М.Пернебаев пен Г.Әшірбекова аса ірі көлемде ақша ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жылға сотталды.
934 рет оқылды