08 қар, 2021 сағат 20:18

Түркістан облысында шаруа қожалықтары субсидияға берілген 380 млн теңгені қалтаға басты


Түркістан облысында 8 ауыл шаруашылығы кәсіпорны 380 миллион теңге көлеміндегі заңсыз субсидияны иеленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаржы мониторингі агенттігі таратқан мәліметке сенсек, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бюджеттен 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлінген. 

Оған қарамастан, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына мемлекеттік субсидия ретінде бөлінген бюджет қаражатын жымқыру деректері де бар.

Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті 8 шаруа қожалығының басшыларына қатысты субсидияны заңсыз иелену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Шаруа қожалық басшылары «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидия алуға өтінім берген кезде жалған мәліметтерді көрсеткен.

Атап айтқанда, олар Ресей Федерациясынан ірі қара мал сатып алуды және әкелуді растайтын жалған құжаттарды ұсынған.

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясының деректеріне сәйкес аталған заңды тұлғалар ірі қара мал сатып алуға өтінім жібермеген және оларды РФ-дан әкелу бойынша бағыттық қағаздарды алған жоқ.

Аталған шаруа қожалықтарына заңсыз төленген субсидияның жалпы сомасы 380 миллион теңгені құрады, ал несиенің жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асты.