Фото: ашық дереккөз
Түркістан облысында нөсер жауын салдарынан өзен тасып, уақытша көпірлерді шайып кетті. Оқиға Төле би ауданындағы Ақмешіт ауылының туристік аймағында болған, деп деп хабарлайды Ult.kz.
1 мамыр күні Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Ақмешіт өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп, демалыс және пикник аймақтарын жалғап тұрған екі уақытша көпірді ағызып әкеткен. Сондай-ақ Екпінді ауылындағы өткелге зақым келген.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар Екпінді ауылынан 11 адамды, оның ішінде 7 баланы қауіпсіз жерге шығарды. Ал демалыс аймағынан 70 адам эвакуацияланды, олардың 20-сы – балалар.
Қазіргі таңда уақытша өткел ұйымдастыру үшін арнайы техника жұмылдырылған. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмекке жүгінгендер тіркелмеген.
Оқиға орнында ТЖМ, "Қазселденқорғау", полиция және жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатыр.
