01 мам, 2022 сағат 14:51

Түркістан облысында ер адам әйелін жас балаларының көзінше өлтірген


Түркістан облысында күдікті ер адам әйелін кәмелетке толмаған балаларының көзінше өлтірген. Қазір балаларға психологиялық көмек көрсетілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық оқиға 29 сәуір күні түнгі сағат 02:45 шамасында болған. Оқиға орнына жеткен полицейлер отбасылық жанжал кезінде әйел адам күйеуінің салған дене жарақаттарынан қайтыс болғанын анықтаған. 

«Аталған жайт Ордабасы аудандық ПБ-де ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша тіркелді. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жолданды. Күдікті өзінің әрекетін мойындап, өкінішін білдіруде. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады. Күдікті ер азамат қамауға алынған» делінген хабарламада. 

Сонымен қатар күдікті деп танылған Ордабасы ауданының тұрғыны полиция бөлімінде ешқандай профилактикалық есепте тұрмағаны белгілі болды. Осы күнге дейін көршілерден немесе туыстарынан қандай да бір отбасылық жанжал туралы арыз-шағым түспеген. Әкімдік қызметкерлері мен полиция бөлімінің басшылығы жәбірленушінің туыстарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ерлі-зайыптылардың ата-аналары кәмелетке толмаған төрт баланы өз қамқорлықтарына алатынын айтып отыр. Полиция мен әкімдік тарапынан отбасына барлық қажетті көмек көрсету шаралары қатаң бақылауға алынды.