Түркістан облысында 50-ден аса пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйіне түнгі уақытта ұры түсіп, шкаф ішінде тұрған алтын бұйымдары мен бір миллион теңгеден аса ақшасын жымқырған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі үш миллион теңгеден асады.
Бұл деректі полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша СДТБТ-ға тіркеп, пәтер тонаумен айналысқан белгісіз адамды іздеуге және ұстауға кіріскен.
"Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Қазығұрт АПБ полицейлері Түркістан облысының бірнеше ауданында жасалған 50-ден аса пәтер ұрлығына қатысы бар тонаушыны ұстадық. Күдікті ер адам үйлердің пластик терезесін бұзып ашып, бөлмелердегі ақша мен алтын бұйымдарды жымқырған және ұрланған бөтеннің мүлкін Шымкент қаласындағы ломбардтарға өткізіп отырған. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған", - деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД КПБ-ның тәжірибелі жедел уәкілдері мен қазығұрттық полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылған.
"Пәтер ұрысын ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шараларын іске асырдық. Қылмысты ашу бағытындағы арнайы іс-шаралар жүргізілді. Куәлардан жауап алынып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстары атқарылды. Осылайша түркістандық тәртіп сақшыларының қырағылығы мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде, күдіктінің жеке басы анықталды. Ол бұрын пәтер ұрлығымен сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Яғни, күдікті өзінің бұрынғы соттылығына қарамастан, қайта қылмысқа барған. Үйреніп қалған теріс әрекетін жалғастырған ұры Түркістан облысының Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында соңғы үш жыл, яғни 2020, 2021, 2022 жылдар аралығында 50-ден астам үйге ұрлыққа түскенін мойындады. Оңай жолмен олжалы боламын деп ойлаған күдікті аталған аудандарға түнгі уақытта барып, ешкім жоқ үйлерге терезесін бұзып кіргені анықталып отыр. Содан тек алтын мен ақшаларды қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Айғақты зат ретінде ұрланған алтындардың бір бөлігі тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды. Полиция күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын және оның сыбайластарының бар-жоғын анықтайды", – деді брифингте Құрманбек Сахов.
603 рет оқылды