Күдікті қылмыс үстінде қолға түсті. Ол ізін жасыру үшін дүкендегі бейнебақылау камераларын өшіріп отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сайрам аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын киім-кешек дүкенінен тауарларының ұрланғандығын көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі шамамен 10 миллион теңгені құраған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
«Жедел уәкілдер шұғыл іздестіру іс-шаралары кезінде күдіктінің қайта қылмыс жасауға келуі мүмкін екенін алға тартып, оны құрықтауға арнайы жоспар құрды. Нәтижесінде түнгі уақытта сайрамдық сақшылар күдіктіні қылмыс үстінде ұстады. Ол қойма ішінен киім-кешекті заңсыз алып шығып, көлігімен әкетіп бара жатқан жолда қолға түсті» - делінген Түркістан облысы полиция департаменті таратқан хабарламада.
Күдікті жәбірленушінің жүк тасумен айналысатын жұмысшысы болып шыққан. Ол ұрлық қылмысын бұдан бұрын да 3 рет жасапты. Бірінші рет жарық сөнген уақытта бейнебақылау камералары істеймейтінін пайдаланып, 2 қап киім-кешекті алып кеткен. Ал қалған кездері бейнекамераны өшіріп қойып, жоспарын жүзеге асырып жүріпті. Ұрлаған жаңа киімдерді Шымкентте 3 миллион теңгеге сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.