Түркістан облысында жылыжайдан 1,5 тонна қияр ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға қарағанда, Түркістан облысының Ордабасы аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті тұрғын келіп, жылыжайында өсіп тұрған қиярлары ұрланғанан айтқан.
Қрланған қиярдың салмағы 1500 келіні құрап, жәбірленушіге 1 миллион 500 мың теңге шығын келген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.
Болған оқиға бойынша жедел тергеу тобы құрылып, қылмыстық істі ашу мақсатында бірден іске кірісті. Полиция ұрлық болған аймақты бір шолып шығып, айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап, күдікті болып көрінген азаматтардан түсінік алды. Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталып, бөлімшеге жеткізілді.
Тергеу барысында күдікті жас азаматтың қияр өсіретін жылыжайында жұмыс істейтіні белгілі болды. Сондай-ақ полицейлер күдікті азаматтың қылмысқа қатысы бар 4 сыбайласы барын анықтады. Олар да өзге елдің азаматтары. Күдіктілер салмағы 1 жарым тонна болатын қиярды жеке-жеке қапқа салып сатпақ болған. Алайда олар арам ойларын ақырына дейін жеткізе алмады. Қазіргі таңда 4 сыбайласқа қатысты іздестіру амалдары жүріп жатыр. Ұсталған күдікті азамат қамауға алынды. Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.