12 қаз, 2020 сағат 06:45

Түнде ұрланған бір үйір жылқыны айдап бара жатқан барымташы ұсталды

Қарағанды облысында ұрланған бір үйір жылқыны айдап бара жатқан ер адам даладан ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

7 қазан күні Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері «Учаске» және «Мал ұрлау» жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Түнде сағат 22.00-де олар даладан бір үйір жылқыны (30 жылқы) байқаған. Күдіктенген полиция үйірді айдаған жылқышыны ұстады.

«Бастапқыда жылқышы бұл өзінің жылқысы екенін айтқан. Бірақ полиция барлық жергілікті малшыларды жақсы білетін болғандықтан, оның айласы іске аспады. Ұсталған азамат 58 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны болып шықты. Ол бұрын ішкі істер органдарында есепте тұрған», – деп атап өтті қарағанды облысы ПД басшысы Ерлан Файзуллин. 

Анықталғандай, осыдан 40 минут бұрын ер адам шопан қыстағының жанында жайылып жүрген 30 жылқыны ұрлап кеткен. Жәбірленуші – 47 жастағы ауыл тұрғыны. 

ҚР ҚК 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша қылмыстық іс қозғалды . Тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.