26 сәу, 2021 сағат 08:47

Цой Біртановты министрлікке қызметке ала ма?


Бүгін тікелей эфирде QazCOVID-in вакцинасын алған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға «бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты жұмысқа аласыз ба?» деген сауал қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сот Елжан Біртановқа үйден шығуға және жұмыс істеуге рұқсат берді. Оны Денсаулық сақтау министрлігіне қабылдайсыз ба?», - деп сұрады тікелей эфир барысында «Хабар 24» телеарнасының тілшісі. 

Бұл сауалға Алексей Цой: «Қазіргі уақытта біз де мұндай ақпаратты алып отырмыз. Білуімізше, қазіргі уақытта ол коммерциялық құрылымда жұмыс істеп жатыр», - деп жауап берді. 

Еске салсақ, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасынан, яғни бес айдан астам уақыттан бері үйқамақта отыр. Ол аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікке ілінді.


Біртанов денсаулық сақтау министрлігін 2017 жылдан 2020 жылға дейін басқарды.


Сотта экс-министр отбасын асырау үшін жұмыс істеуге мүмкіндік беруді өтінді. Сәуір айының соңында сот үйқамақ мерзімін 14 мамырға дейін созды, алайда Біртановқа сағат 8:00-ден 19:00-ге дейін сыртқа шығуға рұқсат берді.


Судья Біртановтың асырауында бес баласы (оның үшеуі кішкентай) және қарт анасы бар екенін ескерді.