25 мау, 2022 сағат 10:32

Томирис Байсафаның өлімі: дағыстандық экс-шенеуніктің ұлы сотталды


Мәскеудің Измайловск аудандық алқабилер соты коллегиясы Дағыстан үкіметінің бұрынғы төрағасының ұлы Мұртазәли Меджидовты кінәлі деп таныды. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті, Қазақстан азаматы Томирис Байсафаны өлтірді деген күдікке ілінген. Сот Меджидовты 13 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл ақпаратты Мәскеу қалалық сотына сілтеме жасаған қалалық жаңалықтар агенттігі хабарлады.

Еске салайық, 2018 жылы Томирис Байсафаны өзі оқитын оқу орны жатақханасы терезесінің түбінен тауып алған. Көп ұзамай ол алған жарақатынан ауруханада қайтыс болған. Куәгерлер сөзінше, оның өліміне Меджидовпен арадағы конфликт себеп болған. Меджидовке бастапқыда "кісі өліміне дейін жеткізді" деген айып тағылып, кейін оны "кісі өлтірді" деген бапқа ауыстырған. Прокуратура сөзіне қарағанда, Медведов оны әуелі ұрып-соғып, содан соң терезеден итеріп жіберген.

2021 жылы маусымда Мәскеудің Никулинск соты Меджидовты ақтап алған. Қараша айында Мәскеу қалалық соты істі қайта қарауға жіберген. Ал, биыл қаңтарда прокуратура істі Измайловск сотына берген, өйткені Никулинск сотының істі қайта қарағанда объективті шешім шығаратынына күмәнданған, деп жазады Кавказ.Реалии сайты.

Айта кетейік, қылмыс жасаған азаматтың әкесі Мұхтар Меджидов Дағыстан үкіметін 2013 жылдың қаңтар-шілде айларында басқарған. Оған дейін вице-премьер және аймақтағы заң шығару өкілдігінің депутаты болған. 2020 жылы Ресей қорғаныс министрлігінің мүлкін "жымқырды" деген айыппен қамауға алынған.