Мәскеуде көз жұмған қазақ қызы Томирис Байсафаның ісі бойынша сот тергеуі аяқталды. Бұл туралы марқұмның анасы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Жанна Ахметова сот істі қарауды аяқтағанын және енді үкім шығарылғанға дейін тараптарға пікірсайыс өткізу ғана қалғанын жеткізді.
Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанында бас айыпталушы Муртузали Меджидовтың келмеуіне байланысты Томирис Байсафаның өліміне қатысты сот отырысы кейінге қалдырылған еді.
Еске салайық, 2018 жылдың 13 сәуірінде ММХҚИ Халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының төртінші курс студенті Томирис Байсафа жұмбақ жағдайда ЖОО-ның төртінші қабатының терезесінен құлап кеткен. Ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан.
Сол жылдың 3 мамырында ол Склифосовский ғылыми-зерттеу институтында қайтыс болды. Томиристі өлтірді деген күдікпен Дағыстанның бұрынғы премьер-министрінің ұлы Муртузали Меджидов ұсталған.
2021 жылдың шілдесінде Мәскеудегі алқабилер соты Муртузали Меджидовті ақтап алды. Дегенмен қайтыс болған студенттің анасының шағымдары мен қоғам наразылығынан кейін ақтау үкімінің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
659 рет оқылды