Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Конституцияда "жер және оның қойнауы халыққа тиесілі" деген норма бекітілсе, қазақстандықтар арабтар сияқты мұнайдың игілігін көре ала ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін президент жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітуді ұсынған болатын.
"Менің ойымша, бұл норма – әділ және дұрыс. Себебі жердің де, судың да, жердің үстіндегі де, астындағы да байлықтың иесі халық болуы керек. Сондықтан президенттің ұсынысымен осы норма енгізілді. Мысалы, кен орындарын алайық. Оларды игеретін компаниялар мен инвесторлардың төлеген салығы, ашқан жұмыс орындары арқылы бюджетке қаражат түседі. Ал бюджетке түскен ақшаның көмегімен әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Сол себепті "халыққа тиесілі" дегенді дұрыс түсіну керек", - деді Қошанов мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
Оның айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгеріс кен орындарын компаниялардан немесе инвесторлардан тартып алу дегенді білдірмейді.
"Егер олар заңды бұзбаса, жұмысын әрі қарай жалғастыра береді. Бірақ заңды бұзса, онда онымен басқа органдар айналысады", - деп түсіндірді спикер.