01 мау, 2021 сағат 13:47

Тоқаев Шарында қаза тапқан мұғалімді "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы №199 гимназия мұғалімі марқұм Мерей Ибрагимовты адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін марапаттады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап. 

"Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы "№ 199 мамандандырылған гимназия" КММ мұғалімі Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов "Ерлігі үшін" медалімен наградталсын (марқұм). Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген қаулыда.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Мерей Ибрагимовтың жақындары мен туыстарына көңіл айтатынын хабарлады. Оның сөзінше, Президент 29 мамыр күні Алматы облысындағы Шарын шатқалында болған қайғылы оқиғаны үлкен күйзеліспен қабыл алды. Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болғандардың жақын туыстарына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

"Шәкірттерін құтқарамын деп өзі құрбан болған білікті маман Мерей Нұрғазыұлы өмірін ұстаздыққа арнады. Оқушыларының сүйікті мұғалімі болды. Табиғат тосын мінез көрсеткен апатты жағдайда жас ұстаз батылдық танытып, оқушысына жанкештілікпен көмек көрсетуге ұмтылды. 26 жасында өмірден қыршын кеткен Мерей Нұрғазыұлының ерлігі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды", - делінген көңіл айту жеделхатында.

Естеріңізге сала кетсек, 29 мамыр күні Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болғаны, тағы біреуінің із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын.

Кейін Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді.

«Шарын шатқалы» қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 30 мамыр таңғы сағат 09:34-те 11 жастағы қыз баланы тапты.

Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылған.

Алматы қалалық білім басқармасы Шарын шатқалына экскурсия мектеп әкімшілігімен келісілмегенін жеткізді.