Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Президенттер екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады.
Екіжақты сауда-саттықтың қарқынын сақтау үшін екі ел үкіметі арасында ең маңызды тауар түрлері бойынша ықпалдастықты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің барысы туралы мәлімет берді. Украинаның бейтараптық, блоктардан тыс, ядролық қарусыздық мәртебесіне қатысты уағдаластыққа қол жеткізудің аса маңыздылығы жөніндегі ортақ түсіністік туралы айтылды.
"Риа Новости" агенттігінің хабарлауынша, телефон әңгіме барысында Ресей президенті Владимир Путин қазақстандық әріптесіне "Донбасты қолдау арнайы операциясы (Украинадағы соғысты Кремль осылай деп атайды - ред.) мен Ресей мен Украина келіссөзінің барысы" туралы мәлімет берген.
Айта кетейік, Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған жоқ, қолдаған да жоқ. Бірақ осы аптада Қазақстан президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов еуропалық ақпарат желісі – Euractiv сайтына берген сұхбатында "Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын", соғысты соғыс деп атайтынын және санкция салынған тауарлардың Ресейге өтіп кетпеуіне бар күшін салатынын мәлімдеген. Сүлейменов – Украинадағы жағдайға байланысты ұстанымын ашық жеткізген Қазақстандағы алғашқы жоғары лауазымды тұлға.