Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын түйреп өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн.
Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет.
Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. Олар Ресейге барып, қара жұмыс істеуге мәжбүр, ал біз, қазақтар, ондай жұмысты істемейміз, бақытты халықпыз деп айтқан.
«Естімеген елде көп», әрине. Бірақ, бұдан өткен сорақылықты ойлап табудың өзі қиын. Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып, мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз – бұл қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай теріс пікірлер жастарды адастырады, олардың дүниетанымына жағымсыз әсер етеді. Тіпті, кейде жастарымыз жұмыстан қашып, жеңіл табыс көзін іздеп жатады. Ақыр соңында, мұның бәрі бүкіл халықтың абырой-беделіне нұқсан келтіреді» - деді Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде.
Айта кетейік, 2016 жылы мамырда сол кездегі мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Мәскеуде қоғамдық дәретханаларды тазалап жүрген қырғыз қыздарын аяйтынын" айтқан еді.
"Жастық шағында неліктен олар дәретхана жуып жүр? Әрине, өз елінде жұмыс, перспектива болмағандықтан, көптеген қырғыз басқа жаққа кетуге мәжбүр болды", -деген еді бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Осыдан кейін Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Бішкектегі Қазақстан елшілігіне қарсылық нотасын жолдады. Әлеуметтік желіде қазақстандықтар мен қырғызстандықтар Мұхамедиұлын осындай пікірі үшін сынап тастады. Артынша Арыстанбек Мұхамедиұлы қырғыздардан кешірім сұрады.