24 қаз, 2023 сағат 15:53

Тоқаев: Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн

Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Ұлт ақпарат" Мемлекет басшысы сөзінің толық мәтінін оқырман назарына ұсынады. 

Қадірлі қауым!

Еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні құтты болсын! Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн.

Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты. Шын мәнінде, Егемендік декларациясын қабылдау оңайға соққан жоқ. Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы Кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді.

Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген. Ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болды. Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады.

Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек. Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда, тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді. 

Ардақты ағайын!

Қазақта «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөз бар. Азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді. Халқымыз көптеген табысқа жетті. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік. Соның арқасында шынайы достық шекарасы қалыптасты, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік.

Мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керек. Өйткені оның бәрі – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі. Сонымен бірге, әрине, қателіктер де болды. Оны ұмытпаған жөн. Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін одан қорытынды жасалуға тиіс.  

Еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырды. Біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық. Бұл маңызды қадам біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа болды. Жалпыұлттық референдумда халқымыз бұл өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Азаматтардың саяси үдеріске қатысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Яғни, жалпыұлттық диалогтың ауқымы кеңейді. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Мұның бәрін саяси реформаның басты мазмұны деуге болады.

Осыдан тура бір жыл бұрын мен ауқымды сайлау кезеңі басталатынын айтқан едім. Қысқа мерзім ішінде Президент, Сенат пен Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы кезең-кезеңімен өтті. Оның бәрі жаңа әрі әділ ережемен жүргізілді. Бұл сайлаулар азаматтарымыздың саяси және сайлау мәдениетінің деңгейі өскенін көрсетті. Ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі саяси реформадағы аса маңызды қадамның бірі болды. Қазірге дейін 1900-ден астам ауыл округында сайлау өтті. Ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы жаңарды.

Жақында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін азаматтарымыз тікелей сайлайтын болады. Әзірге жаңа тәсілдің тиімділігін байқап көреміз. Адам құқығын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот қайта құрылды. Омбудсмендердің мәртебесі көтеріліп, құзыреті кеңейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза күшейтілді. Қазақстан әлеуметтік салада айтарлықтай табысқа қол жеткізді.

Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде азаматтардың орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Қиындығы көп болған тоқсаныншы жылдарда халық саны күрт азайды. Біз қазіргі таңда осы демографиялық құлдырауды еңсердік. Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады.

Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды. Небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есеп-шотына қаржы түсе бастайды.

Мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі – аймақтарды жан-жақты дамыту. «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» дегеніміз – жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат. Біз былтыр еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына бірқатар өзгеріс енгіздік. Сол арқылы кейбір облыстың дамуына тың серпін бердік. Менің тапсырмаммен ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың мән-маңызы зор. Аймақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салынады, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңарады. Яғни, төрт миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі.

Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой көтереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. Сондай-ақ 650 мәдениет ошағы салынады және жөнделеді.

Баршаңызға мәлім, мен биылғы Жолдауымда еліміздің Жаңа экономикалық бағдарын ұсындым. Басты қағидаттарымыз әділдік, ашықтық және шынайы бәсеке болмақ. Яғни, біз қазір Жаңа экономикалық саясатқа жол ашып отырмыз. Негізгі мақсат – ұлт байлығын әділ бөлу, инфрақұрылымды жедел жаңғырту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және елімізге ауқымды инвестиция тарту.

Үкімет пен әкімдер Мемлекет басшысының тиісті нұсқауларын, тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға міндетті. Бұл жұмыс Парламенттің жіті бақылауында болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өзгерістердің игілігін жақын арада еліміздің барлық азаматы көруге тиіс.

Қазақстан егемен мемлекет ретінде әрдайым ұлттық мүддеге сай келетін салмақты әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін аймақтық және жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқарады. Біз әлемдік діндердің бір бірімен жақындасып, сындарлы диалог орнатуына күш саламыз. Қазіргі заманда мемлекеттердің ұжымдасып күш жұмылдыруы және дипломатияны даналықпен әрі жоғары кәсібилікпен жүргізуі әлемде ұзақ уақыт бойы тұрақтылық орнауына, елдердің жаппай дамуына, БҰҰ-ның Жарғысына негізделген әділетті халықаралық қатынастар жүйесі құрылуына жол ашады. Қазақстан «елдің ішінде де, айналасында да бейбітшілік», «әралуандық арқылы – бірлікке» деген қағидаттарды әрдайым берік ұстанады.

Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек. Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, тәуелсіздік – бәрінен қымбат.

Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер.

Әлемдегі ахуалдың қандай күрделі екенін көріп отырсыздар. Беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі деп атайды. Қазір біз аймақтың мәдени-рухани орталығына айналдық.

Биыл шетелдің өнер ұжымдары елімізде 200-ден астам мәдени іс-шара өткізді. Бұл – тұрақтылықтың, тыныштықтың айқын көрінісі. Мұны басқаларға үлгі-өнеге деуге болады. Ал тұрақсыздық жайлаған елге ешкім ұмтыла қоймасы анық.

Бейбітшілік – біздің басты байлығымыз. Оның қадіріне жетіп, бағалай білу – бәрімізге ортақ парыз. Мұны еліміздің әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінуі қажет.

Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа қоғамдық сананың түбегейлі өзгерісіне ұласуы керек. Мен Түркістанда өткен Құрылтайда сөйлеген сөзімде жаңа қоғамдық этика туралы айттым. Алқалы жиыннан соң Құрылтайдың кейбір мүшелері маған өз ұсыныстарын жолдады. Олар елімізде құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажеттігіне назар аударуда. Шын мәнінде, мұны өте маңызды бастама деп ойлаймын. Оны жан-жақты талқылап, қарастыруымыз керек.

Мен бұған дейін Адал азамат ұғымын ұсындым. Осы орайда, жастарымызға арнайы үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер.

Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады.

Жастар кез келген өзгеріске бейім болады. Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз.

Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни, Заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ.

Біз біртіндеп қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз. Әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда заң және құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды. Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады.

Еліміз өктемдік пен өшпенділікке, қоғамдық тәртіпті аяқ асты етуге, зорлық-зомбылыққа шақыруға, азаматтардың ар-намысын таптайтын әрекеттер жасауға жол бермейді. Заңға қайшы келетін, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа сына қағатын кез келген сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қояды. Бұл талапқа бағынбау мемлекетке де, қоғамға да қарсы шығу деп бағаланады. Мұның бәрін, әсіресе, ел алдында жүрген және халыққа сөзі өтімді азаматтар терең түсінуі керек.

Екі жылға да жетпейтін аз уақытта елімізде іске асырылған реформалар халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгертті. Енді жұртымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол. Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз. Өзгерістер әлі жалғасады және мемлекетіміздің сипатын толық өзгертеді.

Бірақ біз реформаны жүзеге асырғанда, ең алдымен, ішкі саяси тұрақтылықтың маңыздылығын естен шығармауымыз керек. Әйтпесе, Қазақстанның мемлекеттілігіне зор қауіп-қатер төнуі және оның салдары ұлт болашағы үшін өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан мен әрбір азамат заң мен тәртіпті сақтауы керек деп үнемі айтып жүрмін. Біз сөзбен де, іспен де қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға және жалпыұлттық бірлікті нығайта беруге тиіспіз. Халқымыз азат ел болып, мықты әрі әділетті мемлекет құру туралы арманын береке-бірлігінің арқасында ғасырлар тезінен аман алып шығып, ақиқатқа айналдырды. Бүгінде біздің мемлекеттілігіміз қарқынды дамыған егемен республиканың өркениетті әрі құқықтық сипатына ие болды.

Қастерлі тәуелсіздігімізді қорғап, жан-жақты нығайту – бәріміздің ортақ міндетіміз, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы перзенттік парызымыз. Біз Республика күнінің мән-маңызын, оның мықты мемлекет және көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістердің символы ретіндегі терең мағынасын жастарға түсіндіруіміз керек.

Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек. Патриоттық, қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларды көптеп ұйымдастырған жөн. Егемендік күні ұлтты ұйыстыратын нағыз елдіктің мейрамына айналуға тиіс. Яғни, осы қастерлі мерекеде Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәріптеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан бәріміз бір ел болып атсалысайық!

Қадірлі қауым!

Тәуелсіз елдің табысын арттыруға азаматтарымыз маңдай терімен үлес қосып жүр. Шын мәнінде, табанды еңбек зор табысқа жеткізеді. Барлық саланы, әсіресе, өндірісті білікті мамандар дамытады. Сондықтан біз бір ел болып қоғамда еңбекқорлықты дәріптейміз. Адал еңбек пен жауапкершілік жаңа қоғамдық этиканың өзегі болуы керек. «Еңбегіне қарай – құрметі» деген.

Еңбегімен дараланып, көпшіліктің құрметіне ие болған азаматтың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетов. Ол мұнай-газ саласында, өндірісте және мемлекеттік қызметте ұзақ жыл бойы табысты жұмыс істеді. Оның өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Бүгін мен елімізге орасан зор еңбек сіңірген қайраткер Бақтықожа Салахатдинұлына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым.

Басқа да салада, соның ішінде ауыл шаруашылығында өнімді еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Осындай нағыз еңбек адамының бірі – Сыр елінің азаматы Имамзада Шағыртаев. Оның ауылы да, шаруасы да көпшілікке үлгі болып отыр. Табысқа жеткен әрбір жан өз ауылына дәл осылай қамқор болса, нұр үстіне нұр болар еді. Аймақты дамытуға орасан зор үлес қосқан Имамзада Қуанышбайұлы бүгін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды.

Мен еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі керек деп ұдайы айтып жүрмін. Биыл Жолдауымды жариялаған кезде Парламентке еңбек адамдарын арнайы шақырдым. Олардың қатарында ұстаздар да болды. Қазір – білімнің дәуірі. Білімі озық жұрт даму көшінің алдына шығады. Бұл заманда білімпаздық ең басты қасиеттің біріне айналуға тиіс. Сондықтан білім саласын дамытуға баса мән береміз.

Мұғалімнің мәртебесін көтеріп, жағдайын жақсарту өте маңызды. Астанада өткен Ұстаздар съезінде бұл мәселеге арнайы тоқталдым. Өйткені ұстаздар қауымы ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Мұғалім болып, ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті миссия. Елімізде мыңдаған адам осы міндетін адал атқарып жүр. Олар күнделікті еңбегімен Қазақстанды дамытуға зор үлес қосуда. Сол себепті мұғалімдердің қоғамдағы орны ерекше болуға тиіс. Ұстазға барлық жерде құрмет көрсетілуі керек.

Бірнеше жыл бұрын менің тапсырмаммен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Жақында бір топ педагогті өзім арнайы марапаттадым. Осы игі үрдіс бүгін де жалғасын таппақ.

Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Алма Шүкежанова елу жыл бойы ұрпаққа білім мен тәрбиені қатар беріп келеді. Бүгін Алма Сайдахметқызын «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттау туралы шешім қабылдадым.

Сондай-ақ бүгін басқа да бірқатар мұғалім жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. Осы арқылы мен барша ұстаздар қауымына ерекше ілтипатымды білдіремін.

Ұлттың руханиятын дамытып, рухын көтеруге қаламгерлеріміз ерекше ықпал етеді. Бұған дейін «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы бастама көтерілді. Мен Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайдың отырысында осы ұсынысқа қолдау білдірдім.

Құрметті атақ ширек ғасырдан соң жазушыларымызға қайта беріле бастады. Төл әдебиетімізді дамытуға зор үлес қосқан бір топ көрнекті қаламгер бүгін «Қазақстанның Халық жазушысы» атанды.

Менің тапсырмаммен «Қазақстанның Халық әртісі» атағы да қайтарылды. Бұл атақ бұрынғыдай театр, кино, музыка және тағы басқа өнер саласының елімізге танымал тарландарына беріледі.

Мен көктемде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайтуға көп жылғы қажырлы еңбегімен үлес қосқан азаматтарды арнаулы орденмен марапаттау туралы тапсырма бердім. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізілген соң, «Ел бірлігі» ордені бекітілді. Наградалар қатарынан лайықты орын алған бұл марапат бүгін алғаш рет тапсырылады.

Мемлекет еліміздің ғылым саласын дамытуға, ғалымдарымыздың жетістіктері мен еңбегін бағалауға айрықша мән береді. Биыл әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының ғалымдар ұжымына берілді. Орталық атом-энергетикасы саласында теңдессіз зерттеулер жүргізіп, әлемдік деңгейдегі озық әзірлемелер жасады.

Қауіп-қатерден қаймықпай, өзгенің өмірін құтқару – нағыз ерлік. Мұндай адамдар шынайы құрметке лайық. Бүгін осындай бірнеше азаматты марапаттаймын.

Жалпы, еліміздің дамуына әр аймақтың тұрғындары, әр саланың мамандары зор үлес қосып жүр. Біз оларға әрдайым құрмет көрсетеміз.

Мемлекеттік марапатты, ең алдымен, халықтың алғысы деп түсінген жөн. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық ештеңе жоқ. Ендеше, жұрттың ризашылығын алып, табысты еңбек ете беріңіздер!

Қастерлі Отанымыз өркендей берсін!

Республика күні құтты болсын!