Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қосымша білім беру саласына тоқталып, "Артспорт" жобасының жүзеге асырылуын сынға алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Келесі мәселе – қосымша білім беру. Бұл – өскелең ұрпақтың қарым-қабілетін дамыту үшін қолға алынған бастама. Қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетін болды. Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. Мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болды деп санаймын.
Дегенмен жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылықтарға жол берілді. Яғни, қаржы мәселесіне және тиісті порталдың, «Артспорт» жұмысына қатысты қателіктер болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке орай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет. Әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отыр" - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек.
"Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет.
Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс.
Құзырлы министрлік пен әкімдіктер жобаның жүзеге асырылуын реттеп, жіті бақылауы қажет. Бұған дейін бөлінген қаржының жұмсалуын тексеру керек. Бұл міндет Бас прокуратураға жүктеледі. Анықталған кемшіліктерді Үкіметпен бірлесіп жою қажет" - деді Тоқаев.