17 қаз, 2019 сағат 17:13

Тоғжанов: Қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың жалақысы бірдей болуы керек

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ҚРКФ төрағасы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығымен кездесіп, еңбек қауіпсіздігін сақтау мен қазақстандық және шетелдік жұмысшылар жалақысының бірдей деңгейде болу мәселесін көтерді.

Ералы Тоғжановтың Қарағанды облысына жұмыс сапары Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіндегі Тұңғыш Президент мұражайын аралаудан басталды.

ҚРКФ төрағасы еліміздегі кен-металлургия саласындағы ірі кәсіпорын саналатын құрамында 29 мың 900 жұмысшы еңбек ететін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарып отырған жұмысымен танысып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы әлеуметтік әріптестермен және домен цехы ұжымымен кездесті. Кездесуге қатысушылар кәсіпорындағы жұмысшылардың құқығын қорғау жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.

ҚРКФ төрағасы еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыстардың апат орын алған кездегі салдарын жоюға ғана бағытталғандығына тоқталып,оны болдырмауға маңыз беру қажеттігін атап айтты.

«2018 жылдың 10 қарашасында комбинатта газ құбыры жарылған. Осы жылдың 4 қыркүйегінде конвентор цехында тағы да апат болып, төрт металлург жарақат алған»,-деді өз сөзінде Ералы Тоғжанов.

2018 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның Құрыш департаментінде 22 жазатайым оқиға болып,соның біреуі адам өліміне соқтырса, сегіз ай ішінде 14 осындай жазатайым оқиға тіркелген.

Мұндай қиын жағдайлардың туындауына өндірістегі жұмыстарды ұйымдастырудағы адам өміріне қауіпті факторларды ескермеу мен еңбек қауіпсіздігін сақтауды оқытудағы жіберілген кемшіліктер әсер еткен деуге болады.

Ералы Тоғжанов компанияның жұмыс орнындағы кез келген қауіпті жағдайларды болдырмау мақсатында мұндай мәселелерді жүйелі түрде есепке алып, қадағалау, бірлесе жол табу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, кәсіпорын жұмысына «Нөлдік жарақаттанушылық» концепциясы мен «Халықтық бақылау» жобасын енгізу туралы ойларымен бөлісті.

Кездесу барысында 2017 жылдың желтоқсан айында шахтерлардың ереуілі кезінде қойған талаптардың орындалуына қатысты атқарылған шаралар талқыланды.

Құрамына кәсіподақ комитетінің өкілдері мен әр шахтадан бастамашы топ мүшелері, жұмыс берушілер мен Қарағанды облысы әкімі кірген келісім комиссиясы жұмысының нәтижесінде 28 тармақтан тұратын талаптардың 17-і орындалған.

Осы талаптар негізінде жерастындағы және шахта үстіндегі жұмысшылардың жалақысы 100 пайызға көтерілгенмен, әкімшілік тарапынан инженер-техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі назардан тыс қалған.

Кәсіподақ федерациясы осы мәселеге қатысты сотқа жүгіннен кейін ғана қойылған барлық талаптар компания тарапынан толық орындалды.

Кездесу барысында Ералы Тоғжанов Президенттің берген тапсырмасына сәйкес, жергілікті және шетелдік жұмысшылардың еңбек жағдайын қамтамасыз ету мен жалақысының бір деңгейде болуына баса назар аудару қажеттігін баса айтты.

Компаниядағы жұмысшылардың орташа жалақысы 215 000 теңге болса, салалар бойынша - 260 мың шамасында.

Кәсіподақтар Федерациясы төрағасы жұмыс сапары барысында Саран қаласында орналасқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменінің Т.Күзембаев атындағы шахтасындағы шахтерлермен кездесіп, олардың еңбек жағдайы, өндіріс жұмыстарын ұйымдастыру, еңбек құқығын сақтау мәселелерімен танысты.

18 қазанда Ералы Тоғжанов Қарағанды қаласындағы профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығының кәсіподақ активімен кездеседі.

Бұл күні ҚРКФ төрағасының Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбекпен кездесуі барысында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы мен Қарағанды облысының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі жоспарланған.