15 шіл, 2022 сағат 18:33

Тоғжанов эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына қатысты өзгерісті түсіндірді


Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын әзірлеу принципі неге өзгертілгенін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Осындай жаңа тәсілдер ұсынылады. Біз матрицаны ауру санына қарай бағалайтынбыз. Бүгінде 90 пайызы (ауру жағдайлары - еск.) жеңіл түрде өтеді. Ауырғандардың 85 пайызы екпе алмағандар немесе екпе алған кезден бастап 6 айдан аса уақыт өткен адамдар.

Осыған байланысты денсаулық сақтау жүйесіне түсетін нақты жүктеме максимум 18 пайыз деңгейінде. Яғни, денсаулық сақтау жүйесіне іс жүзінде нақты жүктеме жоқ", - деді Тоғжанов Үкімет отырысында журналистер сұрағына жауап беріп.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі матрицаны аурулардың саны бойынша емес, денсаулық сақтау жүйесіне жүктеме бойынша қайта қарау туралы нақты ұсыныстар енгізді.

"Сондықтан матрица өзгерді, менің ойымша, бұл да адамдарға нақты режимде жұмыс істеуге мүмкіндік береді, әсіресе қазір шағын және орта бизнес толығымен іске қосылған, бүгінде туризм дамып жатыр. Ең бастысы, бүгінде адам денсаулығына нақты қауіп жоқ. Сондықтан осындай шешім қабылданды", - деп жауап берді Тоғжанов.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Алматы "жасыл" аймаққа өткенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасын есептеу қайта қаралғанын айтқан еді.