03 мам, 2022 сағат 13:40

Тоғжанов баяндамасын орысша жасаған «Қазпошта» басшысын сынға алды


«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев вице-премьер Ералы Тоғжановтың сынына ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін елордада «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» кешенді жоспарын жүзеге асыру жөніндегі кеңес өткен еді. 

Алқалы жиында «Қазпошта» басшысы баяндамасын бастан-аяқ орыс тілінде жасап шықты. Кеңеске қатысқан вице-премьердің де қазақ тілінде қойған бір-екі сауалына орыс тілінде жауап берді. Осыдан кейін Ералы Тожанов Серік Саудабаевқа қазақ тілінде де сөйлеу керектігін ескертті. 

«Орыс тілінде керемет сөйлеп жатырсыздар. Қазақ тілінде де сөйлеу керектігін қаперіңізге салғым келеді. Естеріңізде болсын. Бүкіл елде, халықтың арасында мұны әр уақытта есте сақтауымыз қажет. Мына жерде отырған азаматтардың бәрі - осы елдің азаматтары. Сондықтан жүрген-тұрған жерімізде осыны үнемі ескеруміз керек. Айналамызда болып жатқан жағдайды көріп отырсыздар. Сондықтан сіздерге де тікелей қатысы бар. Осыны бәріміз ескеруге тиіспіз», - деді Үкімет басшысының орынбасары.