Әлішер Науаи – түркі әлеміндегі парсы тілінің әдеби үстемдігін ығыстырған ірі тұлға. Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтіп жатқан «Шығыстың шоқжұлдыздары» атты халықаралық конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәжіліс депутаты сөз барысында Қазақстан Тәуелсіздік алмай тұрған шақта Түркиядағы Юнус Эмренің мерейтойына барып, бауырлас елдердің мәдениеті алшақтап кеткеніне қынжылып оралғанын еске алды. Айтуынша, азаттықтың арқасында уақытқа кеткен сол есе қазір қайтып отыр.
«2021 жыл Әзербайжанда Низами жылы деп жарияланды. Әзербайжан бауырлар осы Низами жылына үлкен табыспен келді. Екінші Қарабақ соғысы жеңіспен аяқталып, Низамидің туған қаласы Гянжі азат етіліп, Низами жылы сол шаһарда тойланды. Бұл бәріміз үшін үлкен қуаныш.
Ниазмидің қазақ поэзиясына, соның ішінде Абайға қандай ықпал жасағанын айтпай кетуге болмайды. Абай «Ескендір» поэмасын Низамидің үлгісі бойынша жазған», - деді ғалым.
Сондай-ақ ол Низами мұрасы ұлы ақын Әлішер Науаидің қалыптасуына да ықпал еткенін атады.
«Науаи Низамидің үлгісінде бес дастан жазып шыққан. Науаидің ұлы еңбегі – парсы тілінің басымдығын ығыстырып, түркі тілінде де жыр толғауға болатынын, түркі тілінің поэзиялық керемет кемелдігін алғаш рет ашып көрсетті. Осындай ерлікті кейін Пушкин де қайталады», - деді депутат.
Сауытбек Абдрахманов қазіргі геосаяси жағдай ушығып тұрған заманда Түркі мемлекеттерінің халықаралық ұйым аясында топтасуы сәтімен келген іс екенін атап өтті.
«Дүние тағы да дүбірлеп тұр. Кеңес одағы ыдырап, социалистік лагерь тарағаннан кейін аздаған жылдар ішінде бір полярлы болуға бет алып көрген әлем қайтадан биполярлы болуға айналып барады. Қырғи-қабақ соғыс қатері төне бастағанын бәріміз байқап отырмыз. Осындай күрделі кезеңде әлемдегі күштердің балансы қайтадан салмақтала бастаған шақта діні бір, тілі бір түркі әлемінің тұтастығы қай кездегіден де маңызды екенін айтудың өзі артық.
Түркі кеңесінің түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйымға айналуы уақыт алға қойып отырған сын-қатерлерге лайықты жауап берудің ірі талпынысы деп білеміз. Түркі мемлекеттері ұйымның өміршеңдігінің басты кепілдерінің бірі – дін ортақтығының, тіл ортақтығының діл ортақтығына ұласуы. Бұл істе, әрине, мәдениеттің алар орны бөлекше. Жалпы жақсы көру жақсы білуден басталады. Жақсы білу жақын танысудан басталады. Жақын танысу аудармадан басталады. Сондықтан бүгінгі іс-шараны Халықаралық түркі академиясының «Шығыстың шоқжұлдыздарын» жарқырата көрсету ғана емес, түркі тұтастығына септесетін нақты қадам деп бағалауға болады», - деді ол.