08 ақп, 2021 сағат 14:20

Тіл маманы жаңа әліпбиде неге і орнына і таңбасы алынбағанын түсіндіріп берді

Филология ғылымдарының кандидаты Нұрсәуле Рсалиева латын графикасындағы жаңа жетілдірілген қазақ әліпбиінде і орнына неліктен і таңбасы алынбағанын түсіндіріп берді. Тіл маманының айтуынша ғалымдар төл әрпіміздің бірін таңбалау төңірегінде біршама пікір алмасып, ортақ шешімге келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2020 жылдың 28-29 қазан күндері жетілдірілген әліпби жобасындағы диакритикалық таңбаларды сынамадан өткізу бойынша республикалық деңгейде талқылау шаралары өткізіліп, соның нәтижелеріне терең талдау жасалған. Нұрсәуле Рсалиева сол талқылауда өңірлердің тіл мамандары кейбір қайталанып келетін пікірлерді жиі айтқанын тілге тиек етеді. Олардың бірқатары /і/ мен /и/ дыбыстарының таңбасына қатысты айтылған: /и/ дыбысын і әрпі арқылы, керісінше /і/ дыбысын (төбесі түртілмеген) ɪ таңбасы арқылы жазу оларды бір-бірінен ажырату тұрғысынан оңай болмағаны, дауысты /і/ дыбысының үстіндегі үйреншікті нүктенің алынып тасталғаны өз орталарында пікірталас тудырған. 

«Сонымен, «Неге і орнына і алынбады?» деген сұраққа жауап берейік», - дейді Нұрсәуле Рсалиева.

Оның айтуынша орфографиялық жұмыс тобының бірқатар ғалымдары і орнына (төбесі түртілмеген) ɪ таңбасын алуды қолдаған. Оған мынадай себептер негіз болған: 

1. /ә/, /ү/, /ө/ дыбыстарын таңбалауға умлауттар (ä ü ö) алынғандықтан, бұл дыбыстардың қолданысы жиі болмаса да бұлармен бірге келетін /і/ дыбысының жиілігі жоғары, соған орай сөзүсті қосалқы таңбалары тым көбейіп кетеді де, жазуды ұсқынсыз көрсетеді. Мысалы, өзіміздің үйіміздің әйнегі деп жазсақ, özimizdiŋ üɪimizdiŋ äɪnegi болады. Ал, керісінше, /і/ дыбысын ɪ-мен жазсақ, бұл мысал özɪmɪzdɪŋ üіɪmɪzdɪŋ äinegɪ болып жинақы көрінеді;

2. і таңбасы /и/ орнына жұмсалса, шетелдік терминдер оңай жазылып, танылады: institut, indeks;

3. ю дифтонгы (қосар /иу/ дыбысы) iu арқылы берілетін болғандықтан, мұндағы и бөлшегін ɪ таңбасымен беру тым қолайсыз болып кетер еді, себебі, ɪu тіркесі көзшалымға кирилдегі /ш/ сияқты немесе ɪɪɪ (үш таяқша) іспетті қабылданады. Баспа жазуымен осылай болып тұрғанда, қолмен жазуда тіпті ш әрпінен айырмашылығы болмай қалған болар еді.

4. «Қолмен жазу толығымен қолданыстан шығады, тек қана техникалық құралдардың көмегімен жазатын уақыт келе жатыр» деген де пікірлер айтылады. 

Орфографиялық жұмыс тобының бірқатар ғалымдары і орнына і алыну керектігі туралы пікірді қолдаған. Бұл жақтың уәжі мынадай болыпты:

1. Ең бірінші қолайлылық қазақтың төл дыбыстарын белгілеуге жасалу керек: 

а) жазудан жазуға көшу біртіндеп іске қосылып кететін механизм болғандықтан, бұл аралықта екі жазуға да ортақ дағдылардың болғаны құптарлық;

ә) латын жазуына толық көшіп кеткеннен кейін де кирилл жазуынан үзілді-кесілді қол үзіп кету мүмкін болмайды, үлкен тарихи кезеңнің жазба мұралары ретінде сақталып, ғасырдан-ғасырға ұласқан зерттеулерге арқау болып қала береді. 

2. «/и/ орнына (төбесінде ноқаты бар) İі әрпін қолдану қолайлы, бұл шетелдік сөздердің жазылуын, танылуын жеңілдетеді» деген пікірге уәж: Ағылшын тілі үшін бұл таңбаның төбесінде ноқаты болса да, болмаса да бәрібір, себебі бұл таңбаның кіші әрпінде ғана төбесі түртіледі де, бас әрпінде түртілмейді (Ii – INSTITUTION, institution) және түртілу-түртілмеуінің бәрібір болуына тағы бір себеп, ағылшын тілінде бұл таңбаға ұқсас келетін басқа таңба жоқ. 

3. «умлауттармен қатар келгенде әріпүсті қосалқылардың көбейіп кетуіне жол беріледі» деген пікірге: умлауттар /ә/, /ү/, /ө/ (ä ü ö) дыбыстарына берілген, олардың қолданысы жиі емес. 

4. Кейбір (n, m, u сияқты) әріптермен қатар келгенде і-нің төбесі түртілмесе, әріптердің аражігі бұлыңғырланып, танылуы қиындық тудырады. Мысалы: Tıgınşınıŋ breuı kiımımnıŋ tıgısın bıtırıptı. «Кiımımnıŋ» деген сөз баспа жазуында да оңай оқылып тұрған жоқ. Мұндай жазу сырт көзге шшшшш немесе ɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪɪ болып көрінуі мүмкін.

«Міне, осындай негіздемені де алға тартушылардың бір тобы болды. Нәтижесінде Орфографиялық жұмыс тобындағы ғалымдардың басым көпшілі /і/ дыбысының орнына (төбесі түртілмеген) ɪ таңбасын алуды жөн деп тапты», - деп түйді тіл маманы.

Еске сала кетсек осыдан он шақты күн бұрын латын графикасындағы жаңа жетілдірілген қазақ әліпбиі жарияланған болатын.