Фото: ашық дереккөз
Қазақстандықтар реконструктивті және қалпына келтіру мақсатындағы пластикалық оталарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатын пайдалану үшін жаппай өтінім бере бастаған. Соның нәтижесінде enpf-otbasy.kz платформасында бұл бағыттағы өтінімдер 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Ult.kz «Отбасы банк» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Стоматология мен офтальмологияға БЖЗҚ қаражатын қолдануға шектеу енгізілгеннен кейін, азаматтар пластикалық операцияларды жаңа мақсат ретінде таңдай бастаған. Әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды жою және туа біткен ақауларды түзетуге арналған өтінім күрт артты.
Банк деректеріне сүйенсек, бұған дейін пластикалық оталарға ай сайын шамамен 16 өтінім түссе, қыркүйекте олардың саны 123-ке жеткен. Қазанда – 1844, қарашада – 3878 өтінім тіркелген. Ал желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде ғана 2093 өтінім берілген. Бұл – бұрынғы айлық көрсеткіштен 130 есе көп. Тек желтоқсан айында рәсімделген өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құраған.
«Азаматтардың зейнетақы қаражатын мақсатты пайдалану – біздің басты міндетіміз. Пластикалық операцияларға сұраныстың күрт өсуі қаражаттың мақсатсыз жұмсалу қаупін арттырды. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар бұл мүмкіндікті делдалдар арқылы заңсыз ақша шешуге пайдаланып отыр. Нағыз пайда көріп отырған – делдалдар. Сондықтан өтінім қабылдауды уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық», – деді «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
12 желтоқсаннан бастап пластикалық операцияларға қатысты жаңа өтінім қабылданбайды. Қазіргі уақытта қаралып жатқан 6294 өтінім қолданыстағы тәртіпке сай өңделетін болады.
Сонымен қатар азаматтарда БЖЗҚ қаражатын өмірлік маңызы бар жоғары технологиялық және қымбат медициналық қызметтерге пайдалану құқығы сақталады. Оларға мыналар жатады:
• сирек (орфандық) ауруларды емдеу;
• радионуклидтік және радиойод терапиясы;
• радиохирургиялық ем;
• протондық терапия.
Бұған қоса, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі де бар: баспана сатып алу, ипотеканы өтеу немесе «Отбасы банк» депозитін толықтыру.
