Тіл – халықтың жан дүниесінің айнасы, жанданып, жаңара беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек тәрізді. Туған тілді тұғырым деп біліп, мақтан ету, оны ластамай, таза әрі көркем түрінде сақтау кез келген жанның парызы, абыройлы борышы. Ал, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеріп, еркін сөйлеуі – тілге, елге деген құрмет, аса бір сыйластық деп білген жөн. Бірлік пен татулықтың негізі Торайғыр ауылында айқын аңғарылды. Аядай ғана Торайғырда, аядай емес, тарихы қалың, тамыры терең Торайғыр ауылында қазақы мәдениет қайта жаңғырды.
Екібастұз қаласынан бастау алған «Тіл керуені» фестивалі Торайғыр ауылында асқан сән-салтанатпен аяқталды. Керуеннің келісті нүктесі Торайғыр ауылындағы этноауылда қойылды. Қазақтың ежелгі мәдениеті көркем де келісті ғұрпы көпшілік назарына тағы бір мәрте, мың мәрте ұсынылды. Құтты керуеннің құрметті қонағы облыс әкімі Болат Бақауов этноауылды аралап, келбетін тамашалады. Облыс басшысына «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кінжікова этноауылдың көрінісі мен көркімен таныстырды.
Этноауылдағы тоғыз киіз үй ежелгі заманның келбетін көз алдымызға боямасыз әкелді. Торайғыр ауылының әсем табиғатымен бағзы заманның байырғы мәдениеті ұштасқанда иісі қазақтың, көне дәуірдің үні естіліп, самалы ескендей әсерде қалдық. Алып тұлғалы ерлер батырдың сауытын киіп, қанжарын ұстаған. Бұрымды қыздар қазақ көйлегін үстіне жарастыра киген. Ұлттық аспаптар да шараның сәніне сән қосып, мерекенің көркін қыздыра түскендей. Облыс әкімі облысымыздың түкпір-түкірінен келген керуенді тамашалады. Баянауылдың әсем табиғатын ақ параққа түсіріп, сөйлете сыр шерткен сурештілер, қазақтың көне құрал-жабдықтары мен аспаптарын ағаштан түйін түйгендей оюлаған қолөнер шеберлері, талантты әртістер мен күміс көмей әншілер. Бәрі, бәрі қазақ деген ғажап жұрттың тынысы мен тұрмысын көрсетпекке келген. Өзге ұлт өкілдері бастаған керуен қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, мерейін үстем ете түсті. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларынан және Ертіс, Қашыр, Ақтоғай, басқа да аудандардан келген өнерпаздар достық, туысқандық және бірлік туын жоғары көтере өнер көрсетті. Ұлттық мәдениеттің жаңғыруына үн қосып, тектіліктің тізгінін ұстағандар керуеннің сәнін келтірді.
Патриоттық әндер шырқалғанда тау мен тастар да күңірене үн шығарғандай. Әрбір тасы сыр сақтап, тарихтың қалың беттерін құрастыратын Торайғыр ауылы «Тіл керуенінде» ата-баба мәдениетін тізбектей көрсетіп, киіз үйде тұрған көшпенді халықтың мәдениетімен таныстырды. Үйлердің жанындағы ошақта бауырсақ пісіріп, ұлттық ет тағамы – сірнеден ауыз тигізді. Қоюлатып шай ұсынып, мерекелік концертті халық назарына ұсынды.
Керуен көші тізілгенде халқымыздың ғажап та көркем мәдениетінің, келісті тұрмысының келбеті көз алдымыздан өтті. Мұның барлығы да тілге деген ынтызар көңіл мен Отанға деген ыстық махаббат деп түсіндік.
Әлия ТАУКЕНОВА