Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Батыс Қазақстан облысында тікұшақтың қатты қонуы салдарынан зардап шеккендердің жағдайы қалыпты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БҚО Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, зардап шеккен ер адамдар 1961 және 1987 жылы туған.
"Екеуіне де жабық бассүйек-ми жарақаты, миының шайқалуы, қабырға асты аймағының көгерген жарақаты диагнозы қойылды. Олар Орал қалалық көпсалалы ауруханасының нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Жағдайлары бірқалыпты", - деді баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, 23 ақпанда сағат 15:50-де Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино елдімекенінен 6 шақырым жерде "Қазавиақұтқару" АҚ-тың 2021 жылы шығарылған Ми-8 АМТ тікұшағы жерге қатты екпінмен қонған. Бортта 6 адам - 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болған. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.
МИ-8 АМТ Атырау - Орал - Атырау бағытымен "Қазтрансойл" АҚ тапсырысы бойынша мұнай құбырын тексерген.