Фото: ашық дереккөз
Қызылорда облысында профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері интернет алаяқтығы 6,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар, қылмыстарды ашу көрсеткіші айтарлықтай өсіп, 43,8%-дан 76,2%-ға дейін жеткен, деп хабарлайды Ult.kz.
Соған қарамастан, желідегі алаяқтық фактілері әлі де тіркелуде. Соның бірі – әлеуметтік желі арқылы жасалған алаяқтық дерегі сотта қаралды.
Тергеу мәліметінше, күдікті азамат тұрғынның сеніміне кіріп, ақшасын алдап алған. Жәбірленуші TikTok-та төмен бағамен кілем сатылып жатқан тікелей эфирді көріп, тауарға тапсырыс береді. Көрсетілген есепшотқа 50 мың теңге аударғанымен, сатып алған заты жеткізілмеген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Қазақстан ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі мен Ресей ІІМ-нің Байқоңыр кешені полициясы бірлесіп, 38 жастағы күдіктіні ұстады. Тексеру кезінде оның осындай тағы төрт алаяқтық эпизодына қатысы бары анықталған.
Қылмыстық іс сотқа жолданып, 5 наурызда Қызылорда қалалық соты күдіктіні кінәлі деп таныды. Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
