Фото: Торгын Нурсеитова/Vecher.kz
Алматыда “STOP бұзушылық” атты ауқымды жедел-профилактикалық операция басталды. Бұл жолы қаладағы тәртіпті бақылауға Қазақстанның өзге өңірлерінен де полиция экипаждары тартылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматыға Астана, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан қосымша патрульдік күштер жіберілген. Негізгі мақсат – жол қауіпсіздігін күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов қызметкерлерге заңдылық пен кәсібилікті басты орынға қою керектігін ескертті. Оның сөзінше, әрбір әрекет ашық әрі заң аясында жүргізілуі тиіс.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Қала тұрғындары жолдарда өзге өңірлердің нөмірі бар патрульдік көліктердің көбейгенін байқаған. Бұған дейін мессенджерлерде де Алматыда жаппай рейдтер басталатыны туралы ақпарат тараған еді.
Министрлік мұндай тәжірибе бұрыннан бар екенін және ол елдегі жедел жағдайға байланысты жүйелі түрде қолданылатынын атап өтті. Қажет болған жағдайда басқа өңірлерге де қосымша күштер жіберіледі.
Айта кетейік, бұл шаралар Алматыда жуырда болған резонансты жол апатынан кейін қолға алынып отыр. 21 наурызда әл-Фараби даңғылы мен Меңдікұлов көшесінің қиылысында екі көлік соқтығысып, үш адам қаза тапқан еді. Кейін белгілі болғандай, екінші көліктің жүргізушісі мас күйде болған.
Сондай-ақ, осы оқиғадан кейін мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі мүмкін деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды.
