19 қар, 2021 сағат 18:41

Терезені балғамен сындырған: Елордада көлік тонаушылар камераға түсіп қалды


Елордада түнгі уақытта көліктердің терезесін сындырып, тонаумен айналысқан күдіктілер ұсталды. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство мәліметінше, қаскүнемдер екі түн қатарынан «ВАЗ 21014» маркалы 2 автокөлікті тонаған. Күдіктілер автокөліктерден борттық компьютерлер, автомагнитолалар мен қысқы дөңгелектерді алып кеткен. 

«Түнгі уақытта дабыл жүйесі орнатылмаған «ВАЗ 21014» маркалы автокөлікті байқаған екі жігіттің бірі артқы терезені сындыру арқылы салонға кірген. Келесі күні де ұрылар дәл осы тәсілмен екінші автокөлікке ұрлыққа түскен. Қылмыс барысында олар көліктердің апаттық жағдайға арналған балғасын қолданған», - деп атап өтеді департаменттен. 

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 21 және 24 жастағы екі күдіктіні ұстады. Ұрланған заттар жігіттердің тұрғылықты жерінен табылып, тәркіленді. 

Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Олардың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда», - делінген таратылған ақпаратта.