01 там, 2022 сағат 13:57

"Теңізшевройлда" 9 мыңға жуық қызметкер жұмыстан босатылады - Смайылов


«Теңізшевройл» ЖШС болашақ кеңейту жобасынан 8,9 мың қызметкер жұмыстан босатылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жылдың 6 айында «Теңізшевройл» ЖШС болашақ кеңейту жобасынан 7,6 мың қызметкер жұмыстан босатылды. Оның ішінде ТШО ішінде – 1,1 мың адам, сондай-ақ басқа да ұқсас кәсіпорындарға – 332 адам, бос жұмыс орындарына – 354 адам жұмысқа орналастырылды. 645 адам жұмысынан айырылу бойынша жәрдемақы алуда. 888 адам Халықты жұмыспен қамту орталығында есепте тұр және 4,3 мың бұрынғы қызметкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, биыл шілде айынан қыркүйек айына дейін тағы 8,9 мың қызметкерді босату жоспарлануда. Оның ішінде ТШО-ға 941 адамды жұмысқа орналастыру көзделген», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ТШО және Атырау облысы әкімдігі арасындағы үш жақты кездесу аясында ТШО жобаларынан босатылатын қызметкерлерді жоспарлы босатуға мониторинг және жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы іске асырылып жатыр. Жол картасына сәйкес жұмыстан босатылатын жұмыскерлердің бір бөлігі ұқсас кәсіпорындарға ауыстырылатын болады. Сондай-ақ оларға кәсіптік бағдар беруді жүргізуді, кәсіпкерлікке ынталандыруды және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын ұйымдастыруды, сондай-ақ қысқа мерзімді оқытуды қоса алғанда, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастыру бойынша жәрдем көрсетіледі.

«Алайда, жоғары білікті қызметкерлер қатарындағы жұмыстан босатылған қызметкерлердің қалған бөлігі оларды одан әрі жұмысқа орналасуға көмек көрсетуді қажет етпейді. Қандай да бір салада үлкен кәсіби жұмыс тәжірибесі, білімі және бірегей дағдылары бар адамдар өз бетінше жұмысқа орналасады. Осыған байланысты, жұмыстан босатылатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында Үкімет жан-жақты көмек көрсету және қамту және халық арасында жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу жөнінде барынша шаралар қабылдауда», - деді Әлихан Смайылов ресми жауабында.