Елімізде құрамында есірткі бар препараттарды сатудың бірнеше фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заңсыз айналымнан 356 ампула есірткі заты, 5 258 таблетка, 173 ампула психотроптық зат, 258 ампула прекурсор алынды. Мәселен, Алматы облысының тұрғынынан синтетикалық опиоидқа жататын 20 таблетка тәркіленді. Атырау облысында мұндай 2 факті анықталды. Бұл ретте жалпы айналымнан 3 870 таблетка мен 70 құты атропинге жататын тамшы алынды. Дәл осындай факті Теміртауда анықталып, дүкенде 10 таблетка дәріхана дәрісін сатқан жергілікті тұрғын ұсталды», - деді Нұрділдә Ораз ІІМ баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, мұндай дәрі-дәрмектер адамның өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін әсері күшті заттар тізіліміне енгізілген.
«Оларды тасымалдау және тарату бойынша бақылау қызметін денсаулық сақтау органдары жүзеге асырады. Ал полицейлер өз тарапынан мұндай фактілерге қатысты азаматтардың шағымына ден қойып, материалдарды өкілетті органдарға беруді қамтамасыз етеді», - деді ресми өкіл.